ақпараттық жарияламдар
просмотреть заставку
просмотреть заставку
ҚАРҚАРАЛЫДАН БҰЛТ, МӘДИДЕН ҚАЙҒЫ ТАРҚАҒАН КҮН
Орталық Қазақстан. Сенбі, 15 қыркүйек 2007 жылы

Қазақтың ұлттық өнерінің Меккесі атанып, атақты Қоянды жәрмеңкесі ту тіккен, Кеңес Одағының Батырларын, қазақтың тұңғыш ғарышкерін, көптеген ғылым докторларын, ойшыл оқымыстыларды берген құтты өлке Қарқаралы жері тағы да бір айтулы тарихи күнді дүбірлі тоймен өткерді.

“... Мен біржан қуғын көрген Арқадағы” деп тебірене жырлап өткен Мәди бабамыз ағайындарынан туыстық көрмесе де, Қарқаралыдай қасиетті жердегі өз халқы, өз жері бүгінгі таңды Мәдиге арнап, Мәдидің халқы тұрғанда жалғыз еместігін тағы бір айқындап берді. Қанша қуғын көрсе де жасымаған Мәди рухы бүгін жер бесігінде бір аунап түскен шығар. Мәди бабамыз бір атадан жалғыз тұяқ боп, жалғыздықтан азап шегіп, зарлап өтсе де, өзі айтқандай, атын ұрпағы айтып, еске алып жатыр. Бұл елдігіміздің белгісі болар.

Артында өшпестей із қалдырған, мол мұра тастап кеткен Мәди Бәпиұлына арналған құрметтің бірі ақынның ескерткішінің ашылу салтанаты болса, екіншісі сөз қырандары мен небір марғасқалардың сөз сайысына түсуі еді.

Көлтен күткен қуанышты күн де жетіп, Қарқаралы халқы алаңға жиналып, жүздеріне күлкі, жүректеріне қуаныш үйірілді.

Бәрі Мәди сынды біртуар тұлғаның ескерткішінің ашылу салтанаты мен сөз сайысының куәгері болуға асық. Қарқаралының орталық алаңында ерекше тұлғалы ескерткіш ақынның оққа ұшып, ақырғы демі шыққан жерінде асқақтай бой көтерген екен. Қазақстанның жер-жерінен келген құрметті қонақтар, жыр сүлейлері бас қосқан бұл мереке өзінің ерекше қалпымен есте қалмақ. Бір күн бұрын киелі топыраққа ат басын тіреген ақындар Қарқаралыдағы тарихи орындарды аралап, қала тарихымен етене танысты.

Мереке күнінің алғашқы бастауы осы ескерткіштің ашылуынан басталды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Н.Омарханов: – “Арқаның алтын тәжі атанған Қарқаралы, қазақтың біртуар ұлдары мен қыздары түлеп ұшқан, сөз бастаған шешендер мен ел бастаған көсемдер, қол бастаған батырлар мен ақиық ақындар, сазгерлер мен күміс көмей әншілер шыққан қасиетті жер.

Қазақ даласында өмір сүрген небір алып тұлғалар мен кемеңгер ойшылдардың артына қалдырып кеткен тағылымы мол мұрадан талай ұрпақ қанып сусындап келе жатқаны белгілі. Осынау баға жетпес қазынамызды еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ешкімге жалтақтамай, барлық әлемге жар салып, басқаларға өнеге қылып атап өтуге де қолымыз жетті. Өткенге көз жүгіртіп, келешекке сабақ болардай талай тарихи оқиғалар бүгінгі ұрпақ тұрғысынан қаралып, өзінің лайықты бағасын алып, аталып өтіле де бастады.

Осы сарқылмас мол тарихи мұра қазынасында, Қарқаралының тарихында Мәдидің алар орны ерекше. Сондықтан, бүгінгі мереке Қарқаралының қасиеттілігін тағы бір паш етуге себеп болары анық. Олай дейтінім, киелі өңірімізді “Атыңнан айналайын, Қарқаралы” деп жырлап, дүйім елге паш етіп кеткен Мәди мен Қарқаралы, білген қазаққа егіз ұғым.

Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Мәди сынды тұлғаға ешбір жерде ескерткіш қойылмаған екен.

Бүгінгі мереке осыдан екі жыл бұрын, 2005 жылдың шілде айында Мәди бабамыздың 125 жылдық мерекесінде, тура осы жерде, батырдың оққа ұшып, қаны тамып, ақырғы демі үзілген жерде басталып еді. Осы арада болашақ ескерткіштің іргетасын қою рәсімін өткізіп тұрып, азаматтар аман болса, ол ескерткішті орнататын күн де туар деп едік сонда. Мінеки, сол сәт те келді.

Сол жылы мерейтой қарсаңында Мәдидің болашақ ескерткішінің жобасын дайындап, Алматыдан Махметов Темірғали деген талантты жас мүсінші бауырымыз әкеліп ұсынды. Болашақ ескерткіштің бірнеше жобалары қаралды. Алға қойған мақсатымызды жүзеге асыру, яғни ескерткішті орнату үшін, облыс әкімі Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулинмен ақылдастық. Облыс әкімі ескерткіш жобасын көріп, ақыл-кеңесін беріп, жобасын жасатуға қаражат бөлгізіп, республика деңгейінде тиісті шешім шығаруға ықпал жасап, жұмыс барысын үнемі бақылауында ұстап отырғанының арқасында ескерткішті қою мүмкін болды.

Содан, биылғы жылдың ортасында, “Бітер істің басына жақсы келер қасына” демекші, ауданымызға ұлт өнерінің жанашыры, белгілі қайраткер, атақты меценат, Ермегияев Амангелді Дінұлы ағамыз келіп, сол жолы ескерткіштің құрылысын қаржыландыру мәселесін шешіп кетті. Міне, бүгін көптен күткен сәтке де жетіп тұрмыз.

Мәди біздің ұрпаққа асқан ақындығымен, абзал азаматтығымен, туған елін, жерін шексіз сүйген патриоттығымен, өз заманынан озып туған, даланың тарланбоз философы ретінде белгілі. Ақын бабамыздың осы қырларын естіп, біліп, жаттап, сан ұрпақ өсіп жетілді. Алдынан анық ажал күтіп тұрғанын ести тұра жан жолдасы Мұстақым Малдыбаевты түрмеден шығарып алам деп келіп, осы арада оққа ұшты. Мәдидің осы асқан адамгершілігі, достыққа деген адалдығы жастарымызға күні бүгінге дейін үлгі-өнеге болып қала бермек.

Міне, бүгін ұрпақтарымызға Мәдидің осы қырларының бәрін қамтитын, келбеті келіскен бейнесін, лайықты образын қалдыру мақсатында қоладан ескерткіш орнатып отырмыз. Тас қамалды бұзып-жарып шығып келе жатқан Мәдидің келбетті кескіні ұрпақтарына жетіп тур. Біздің міндет – келер ұрпаққа Мәдидің лайықты өз атын, сомдалған кесек тұлғалы образын қалдырып кету еді. Бұл игі шарамыз, кейбір саяз ойлап, шолақ пішіп жүрген, өресінің қысқалығынан Мәдиді “барымташы”, қиқар деген сипаттамасынан әрі аса алмай жүргендерге мазмұнды да, мағыналы, келісті жауап деп есептейміз, – деп тебірене сөз сөйледі.

Мәди бабамыздың сом тұлғасы мүсінделген ескерткіш алдында облыс әкімінің орынбасары М.Мұсатаев, өнер жанашыры А.Ермегияев, Мәдидің туысқаны А.Сүлейменов, ауданымыздың белгілі азаматы, ақын Б.Шахмерденов, мүсін авторы Т.Махметовтер де жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ал қазақтың көрнекті халық жазушысы, жерлесіміз Софы Сматаев: “Тел бесікте уыз болып шайқалып, тал бесікте сәби іңгәсімен тербеліп. Жер бесікте азамат боп ержетіп, ақын боп, сазгер боп, туған жердің аспаннында қалықтаған қазақтың біртуар ұлы азаматы Мәди бүгін өзінің мәңгілік тұғырына қонды. Халық ұлдарымен айбынды, халық ұлдарымен алып”, -деген ыстық ықыласын өлеңмен өрнектеді.

Бұдан соң Алаштың жезкиік жыршысы, жерлесіміз Кәкімбек Салықов ағамыз жыр нөсерін селдетті (өлең жеке беріліп отыр).

Қарқаралының қыран тектес түлегі, сом алтынның сынығы, сал-серілердің сарқыты, ақберен ақын Мәдиге арналған ескерткішті ашу рәсімін облыс әкімінің орынбасары М.Мұсатаев, А.Ермегияев, Т.Махметов және Мәдидің немере інісі, тоқсаннан асқан қария А.Қожахметов ақсақал жасап, Нұрбек қажы Әуесханұлы баба аруағына арнап құран бағыштады.

Елі үшін ерен еңбек сіңіріп, “Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай” деп өмірін өлеңмен өрнектеген Мәди Бәпиұлына орнатылған ескерткіш Қарқаралының қақ төрінен – өзі мерт болған орыннан мәңгілікке сай тапты.

С. ӘБІЛОВА,
Г. ЖАҚЫПХАНОВА,
Д. ЫДЫРЫСОВ.
ҚАРҚАРАЛЫ.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.


Кәкімбек САЛЫКОВ
Мәдидің ескерткішін ашқанда

Ассалаумағалейкүм, Қарқаралы,
Шыдатпас сені аңсаткан жан талабы.
Жарк етті тау басында жалғыз арша,
Арудай мені тосқан Арқадағы.

Дербес ел саган бүгін тамсанады,
Үр жана ән козғайды тан самалы.
Басыңнан бұлттар көшіп,
Осы емес пе,
Қайғы-шер Мәди айтқан тарқағаны.

Өткен күн бүгін анык, байқалады,
Білгендер шын жүректен айта алады:
Зар қағып “Мәди әнін” ұран етіп,
Бар қазақ қиын күнде қайталады.

Мұң басар орыидалып жан талабы,
Тындасаң есте мәңгі ән қалады.
Қазактың Полонезі – “Мәди әні”,
Тебіренткен, толғаңдырған ман даланы.

Түрмеде жанға батып шаршағаны,
Мұң төксе ел аралап асқақ әні.
Бұл күнде ұлағатгап ұрпақтары,
Ескерткіш жарқылымен жар салады.

Ер жігіт, мырза мейір, қайсар әрі,
Мәдиге белгі орнатқан бай талабы.
Сау болсын,
Ермегияев Амангелді,
Ел сүйер ерен жүкті арқалады.

Асыл жер, сұлу жампоз, Арқа нары,
Қарап тұр саған қазақ шартарабы.
Мәдидей дауылпазды ардақтаған,
Думан, той құтты болсын, Қаркаралы.

14.09.2007
Қарқаралы.
 Компания туралы
 Сапа
 Акционерлік қоғамдары және филиалдары
 Холдинг және қоғам
 Ақпарат орталығы
 Қайырмалы байланыс
 Сұрақтама
 Сайт картасы
Қазақстан Республикасы
050004 Алматы қаласы
Назарбаев даңғылы, 65
тел. 8 /727/ 27 33 462
bag30@mail.ru
hkbag@alk.kz
Copyright © 2001 NHC "ALMATYKURYLYS"
All Rights Reserved
Russian Kazakh English